«АҚТӨБЕ АЙМАҒЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЗЕРТТЕУСІЗ ЖАТҚАН ҚЫРЛАРЫ КӨП», —дейді аймақ әдебиетінің жоқшысы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Аймақтық әдебиеттану» зертханасының меңгерушісі Жұбаназар Асанов. Ол жақында асқаралы 60 жасқа толды. Тынымсыз еңбек, толассыз ізденіс, талмас талап, биік мұрат иесінің шығар асулары әлі көп. Өйткені, Жұбаназар Асанұлының өмір көші бір саябыр тапқан емес. Ол тек қана алға қарайтын жан. Бос уақыты аз. Ал, біз ұстаз-ғалымның мүшел жасқа толуы мерекесін пайдаланып, сұқбат беруге қолқа салдық.

    — Аға, алдымен мерей тойыңызға құтты болсын айтамыз! Өзіңізге өзіңіз бір есеп беріп алған шығарсыз. Көңіліңіз толды ма?

   — Рахмет! Шындығында көңілде өкініш көп, бар қажыр-қайрат, бойға сыймас бұла күш босқа рәсуа болды. Рәсуа қылыппын. Негізгі бөлігі күнбе-күнгі сорпа-су, нан тауып жеудің жолында кетті. Оның бергі жағында ерсілі-қарсылы көп көшіппін. Үш рет өз қолымнан үй салыппын. Нешеме жыл, мол күш соған жұмсалды. Үшеуінде де «осында өмір бойы тұрамын» деп салып ем, өмір бойы тұрасын ба, тұрмайсың ба оны Алла біледі екен. Әлде жөн сілтейтін адам болмады, әлде ол кездің ыңғайы солай келді, керекті мамандықты да дұрыс таңдамаппыз, адасып көп жүріппіз. Дегенмен тамақ тоқ, көйлек көк, ең бастысы жасаған ие жақсы денсаулық беріп қойды. Ұзақ ғұмыр берді, мінекей 60-қа келдік. Мынадай аласапыран заманда ел ішінде өмір сүрген өткінші пендеге осыдан артық не керек?! Алланың бергеніне шүкір.

— Сіз зерттеген, сіз зерттеп жүрген өңір ақындарының әдеби мұрасына ауыссақ. Дала данышпаны, Әбілқайыр қанның оң тізесін басқан би, жырау Мөңкені зерттеуде көзге түстіңіз. Мұны 3 қараша 2003 жылы «Студенттер сарайында» өткен ғылыми конференцияда белгілі қоғам қайраткері, қазіргі мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед әдейі атап көрсетті.

    — Иә, шаршы топтың алдында атаған еді. Мөңке туралы алғашқы мақалам «Қала тынысы» газетінде 1998 жылы шыққан-ды. Ал оның әкесі Тілеу туралы мақалам 1996 жылы белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың алқауымен «Ақтөбе» газетінде басылды. Содан соң Мөңкенің өміржолы, шығармашылығы хақындағы зерттеулерім «Ақтөбе», «Ақиқат», «Жұлдыз» сияқты басылымдарда кідіріссіз жарияланып тұрды. Сөйтіп, заманында аты алты Алашқа мағұлым болғанымен, отарлық езгі тұсында бірте-бірте көмескі тартып ұмытылған, артында қалған мұрасы талан-таражға түсуге айналған Мөңке әулиені қараңғы қапастан жанкештілікпен жарыққа алып шықтық, кейінгі ұрпаққа керек деп. Ақырында Ақтөбеден көше алып, ескерткішін қойып тындық. Студенттерге, мектеп оқушыларына оқытуға жол аштық.

— Көпше айтып отырғаныңызға қарағанда жаныңызда пікірлестеріңіз болған сияқты...

   — Әлбетте, болды.Оларды пікірлес дегеннен гөрі серіктестер деген дұрыс шығар. Бастапқыда жанымда екі шәкіртім ғана болды. Олар әулиеге қатысты іс - әрекеттерінің бәрін міндетті борышымыз деп есептейді. «Мөңкеге еңбек сіңірдік» деп айту ұят болады» деседі. Болмаса, соңында бір жарым жыл жүріп көше атауын алған солар. Халық қаражатына жасалған ескерткіш шаң басып автогаражда екі жыл жатып қалғанда намысқа шауып 2002 жылы 1 тамыз күні сол кездегі облыс мәслихаты хатшысын әкімге кіргізіп, сағат 15-40-та облыс әкімінің келісімін алған да осылар. Тілеу туралы, Мөңке туралы алғашқы кітаптарды шығарған да солар. Олар арғы тәрбиелері мықты адамдар. Тектінің тұқымы. Қайсар жігіттер, талай кедергілерге қарамай, бәрін жеңе білді. Ақыры талайдың көзін ашты. Мысалы, сол кезде Мөңкеге Ақтөбеден көше сұрап жазған хатымызға қарсы болған, «мынауың кім?» деп қол қоймаған өз ағамыз, бұл күнде республикаға танымал мөңкетанушы (ол өзі шындықты сүйетін адам болған соң айтып жатырмыз). Көше алған соң, «ескі атауы дұрыс, мен мұны мойындамаймын» деген Мөңке ұрпағы қазір әулиенің шарапатын көруде. Тіпті, бастапқыда сенімсіздік көрсеткен М.Құл-Мұхаммедтің өзі кейін шындыққа көзі жеткесін Мөңке би туралы 36 беттік зерттеу жазды. Ғылыми конференцияда терең мағыналы баяндама жасады. Келтіре берсе мысал көп. Шүкір, қазір Мөңке әулиені республика зиялылары тегіс біледі. Өнеге тұтады. Тілеудің де, Мөңкенің де есімдері бүгінде Қазақстанның ұлттық энциклопедиясының төрінде тұр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі әуелгі идеяға, бел шешіп, тәуекел етіп кірісіп кетуге, сонымен қатар ағайынның санасына жеткізуге байланысты.

— Сіз Ақтөбе аймағының атақты ақыны Сарышолақ Боранбайұлының мұраларын да ұзақ уақыт бойы жинап, елге таныттыңыз. Сол жөнінде де айта кетсеңіз.

— Әсіресе деректер жинау қиын болды. Ел жағалап бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. XIX ғасырдағы ғана емес, қазақтың арғы-бергі тарихындағы ұлы ақындарының бірі Сарышолақты Республикаға танытуда «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдары өлшеусіз үлес қосты. Зерттеулерімізді кідіріссіз жариялап отырды. Ақырында әйгілі ақын Есенбай Дүйсенбай кірісіп, Сарышолақты әдебиет әлемінен өз орнын иеленді , Шәкәрім, Шәңкерей, Базар, Ақан серінің қатарына қосылды. Еуразия университетінің профессоры Серік Негимов ақынға аса жоғары баға берді. Арнайы зерттеу жазды. Сарышолақ есімі «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясына енді. Бұл күнде Сарышолақтану дәрістері студенттерге оқытылуда.

— Сіздің ойыңызша жастардың ғылымға құмартуында алаңдайтын тұстар бар ма? Қазір жұрттың бәрі жаппай ғалым болып бара ма...

— Алаңдайтын тұстар бар. Зерттеуші боламын деген жастар алдымен бұл кәсіптің түбі жоқ, тынымсыз, сергелдеңі көп екенін ұққандары жөн. Бірақ, белгілі бір нәтижеге қол жеткенде бастан кешетін ләззатың бәрін ұмыттырады. Ел-жұртың еңбегіңді бағалап, сый-сияпат білдіріп жатса, тіпті қанаттанып кетесің. Десе де көңілге кірбің алатын шақтар да болады. 2000 жылы дерегін тауып Тілеудің есімін Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі тізімге кіргізіп, Түркістаннан атына көше алғанда, асын ұйымдастырып, Қазақ-түрік Халықаралық университетінде бас баяндамасын жасағанда қара ормандай қаптаған Тілеу ұрпақтарының қара сақал, ақ сақалы жиналып шаршы топтың алдына бір ат мінгізген-ді. Сенсеңіз, міне 10 жыл болды, сол ат әлі жоқ. Сұрасам біріне-бірі сілтейді. Сарышолақты зерттеп, республикаға танытып, 140 жылдық мерейтойында бас баяндамасын жасадық. Содан соң көппен бірге бөлінген үйде шай ішіп отырғанда төрдегілерге шапан таратты, соның бірі маған тиген-ді. Кетерімде ұмыт қалыпты, яғни өз үйлерінде қалды. Игіліктеріне кисе керек. Жә, мұның бәрі әшейін наз ғой. Әйтпесе тәуелсіз ел болып отырғанда ұлылардың елеусіз қалуы ұят қой. Сүйекке таңба. Біз болмасақ Тілеу ауызға алынбас еді, ал Мөңке Шалқардан көше алу, кейін «қазақы» шағын ас берумен шектелер еді.

— Алдыңғы жылы Жөкей Шаңғытбайұлының дастандар жинағын шығардыңыз. Нәтижесі қандай?

— Жөкейдің шығармашылығы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қазақ филиологиясы факультеттерінің бәрінде тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері оқытылады. Бірінші курста жүретін «Қазақ фольклорының тарихы» (оқулық авторы Ә.Қоңыратбаев) деген пән бар, соның 244-249 беттері Жөкейге арналған. Ақынның 15-ке тарта дастандары бар. Алматыдағы мұрағаттарды айлап қазып, 7 дастанын елге алып келдік. Кейін біздің институт ректоры оны Алматыдан кітап түрінде шығарды. Жөкей – біздің өлкедегі эпик ақындардың соңы, асыл тұяғы.

— Соңғы кезде «Едіге» жыры туралы мақалаларыңызды республикалық басылымдарда жиі-жиі көреміз. Докторлық диссертация жазып бітірді деп естігенбіз.

— «Едіге» - түркі халқына ортақ мұра. Ноғай, башқұрт, татар, қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрікмен тілінде елуге тарта нұсқасы бар. Бәріне де барып қайттық. Бәрі де, «біздің эпос» дейді. Едіге 1352-1420 жылдары өмір сүрген, яғни Алтын Орда тұсында. Орданың билігін он бес жыл уысында ұстап, шайқалған іргесін қайта бекіткен ерен тұлға. Ол дәуірде аталған халықтар бір мемлекеттің құрамында болған, Алтын Орданың. Қазіргідей бір-бірімен ала көз емес, бауыр, қай жағынан алғанда да тұтас халық – түркілер. Ауызбірлік барда бабаларымыз ешкімге бой бермеген, кеудесін бастырмаған, жарты әлемді, күллі Еуразияны билеп-төстеп тұрған. «Едіге» эпосы – біздің Алтын Орда дәуіріндегі бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, тұтастығын, рухани бірлігін, басынан ұшқан бағын жоқтауы. Біз докторлық қорғау үшін «Едігеге» барғанымыз жоқ, бабаларымыз қалдырған, жатқа айтқан эпосты және оның басты кейіпкерлерін таныту үшін диссертация жазуға бардық.

— Шығармашылық қабілетіңіз жаңа өз биігіне жетті. Тағы қандай жоспарларыңыз бар?

    — Ақтөбе аймағы әдебиетінің зерттеусіз жатқан қырлары көп. Кете Қазақбай, Әлім Қожахмет, Жаскілең, Жекей Бақи сұлу, Тоқсұлу, Жібек, Ақтан Керейұлы, Ақпан Әйітпекұлы, Ізім шайыр, Қызыл Тұрдалыұлы, Баспан Құлынбайұлы т.б. ақындар. Ал Ақтөбенің би, шешендерінің мұрасы қозғаусыз тұр десе де болғандай. Ұят. Ойласаң жерге қарайсың. Қимылдайын десең қалтаң таяз. Тілеу атында қор бар еді, ауызбірлігі қашқан «зиялылары» оны да жауып тынды. Нәтижесінде Мырзағұл бидің 160 жылдығы, Сарышолақтың 150 жылдығы, Сарының 145 жылдығы ауызға алынбай атаусыз қалды.

— Туған өлкеміз үшін жасап жүрген қызметіңізден шапағат таба беріңіз. Алдағы шығармашылығыңызға тек қана сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы

Abenova


     “ОТАРЛАУ ТАРИХЫ - ӘЛІ ДЕ ЗЕРТТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН МӘСЕЛЕ”, - деген тұжырымда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-  әдістемелік басқармасының бастығы, “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантының иегері (2005ж), тарих ғылымдарының      кандидаты, доцент Бибігүл Сейілқызы Әбенова. Жақында ол мерейлі жас – 50-ге толды.

   Қуанышымен құттықтай келе Бибігүл Сейілқызына қызықтырған сұрақтарымызды қойып үлгердік.

 

  

 - Туған күніңіз еліміз егемендік алған жылы қол жеткен 16 желтоқсан - Тәуелсіздік мейрамымен сәйкестенген екен. Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?

   - Тәуелсіздік күні – қазақ үшін қасиетті, қастерлі күн! Ұлы мейраммен туған күннің сәйкес келуі, әрине, адамды ерекше сезімге бөлейді. Дегенмен, Елбасы айтқандай, ең алдымен, ұлтымыздың бостандыққа деген асқақ рухының жеңісіне қуандық.

   - Алға қойған мақсатқа жетпей тынбайтын жан секілдісіз... Өмірдегі қадамдарыңыздан бұл ерекшелігіңіз анық байқалып тұр.

   - Мақсат сол үшін белгіленер... Қол жеткізуге тырысамын, әңгіме мүмкіндікте және жету мерзімінде.

   - Зайыбыңыз Дәулет Құсайынұлы да тарихшы. Бірақ тарихтан басқа да ортақ әңгіме табылатын шығар?

   - Ортақ әңгімеміз тек тарих болса, отбасы мәселесі не болар еді?

   - Осыдан үш жыл бұрын ҚР білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағына тағайындалған мемлекеттік грантты жеңіп алдыңыз. Содан бері біраз шаруалар тындырдыңыз. Бөлісе отырсаңыз...  

   - “ЖОО-ның үздік оқытушысы” мемлекеттік гранты ғылыми-әдістемелік еңбектерімді жариялауға, кәсіби біліктілігімді жетілдіруге және жаңа ізденістерге мүмкіндік берді. Атап айтатын болсақ, “1868 жылғы реформа және Орынбор өлкесі” атты монография, “Әлем тарихы” пәндерінің оқу-әдістемелік кешені, “Орынбор өлкесіндегі әкімшілік-территориялық өзгерістер”, “Ресей және Кеңес мемлекетінің тарихы” атты оқу құралдары жарық көрді. Соңғы оқу құралы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің шешімімен баспаға ұсынылды. Әсіресе, Бақытжан Қаратаевтың 70 жылдан астам уақыт, Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорында сақталған, өлкеміздің отарлану тарихына арналған қолжазбасының ғылыми редакцияланып, баспадан шығарылғанын ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, Дәулет Құсайынұлымен бірге, революцияға дейінгі орыс зерттеушілерінің Батыс Қазақстан тарихына қатысты еңбектерін құрастырып, жинақ ретінде баспадан шығардық. Бірнеше мақала халықаралық конференциялар материалдарында, республикалық және шетелдік (Ресей) ғылыми басылымдарында жарияланды. Президенттік грант есебінен, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының (Мәскеу, Уфа, Орынбор) Орталық мемлекеттік архивтері мен кітапханаларының қорларында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми ізденістер мен іс-сапарларға мүмкіндік жасағаны үшін ректорымыз Ғалымжан Жұмабайұлына деген ризашылығым мен құрметімді жасыра алмаймын.

   - Сіз жоғары оқу орнына түспей тұрып-ақ мұғалімдік еңбек жолыңызды бастапсыз. Бұл кәсіп ол уақытта мәртебелі еді ғой. Алғашқы рет өткізген сабағыңыз есіңізде ме?

   - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түспес бұрын, Ақтөбе педагогикалық училищесін “Бастауыш класс мұғалімі” мамандығы бойынша оқып бітірдім. Еңбек жолымды 1 класқа сабақ беруден бастадым. Алғашқы алабұрту, қобалжу – бәрі есімде. Алайда, кішкене сәбилердің өзіңе деген сенімі сені бірден есейтеді екен. Сол шәкірттерімнің кейбіреулері – қазір әріптестерім, арасында ғылым кандидаттары да бар.

   - Кандидаттық диссертацияңызды “Отан тарихы” пәні бойынша қорғаған екенсіз. Ғылыми жұмысыңызда қай тарихи кезеңді зерттедіңіз? Ел тарихына қосқан сіздің жаңалығыңыз?

   - Кандидаттық диссертацияда Кіші жүздің ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тарихы зерттелді. Бұл – Ресей империясының қазақ өлкесін отарлау саясатын күшейткен кезеңі. Қазақ халқын отарлауды әкімшілік реформалар арқылы заңдастырған кезең. Отарлау тарихы - әлі де зерттеуді қажет ететін мәселе. Ғылыми жұмысымызда осы мәселеге, әсіресе, Орынбор өлкесінің тарихына қатысты тың деректер айналымға енгізілді, солардың негізінде, жаңа тұжырымдар жасалды. Ыбырай Алтынсаринның қызметіне қатысты жаңа деректердің табылғанын, сонымен қатар, бұрын жарияланбаған еңбектерінің жарыққа шығарылғанын атап айтқан жөн. Практикалық маңыздылығына келетін болсақ, ғылыми тұжырымдар негізінде, “Орынбор өлкесіндегі әкімшілік-территориялық өзгерістер” атты Таңдау компоненті “Тарих” магистратура мамандығының оқу жоспарына енгізілді.

   - Бүгінде тарихшы мамандығын қалайтын жастар жеткілікті деп ойлайсыз ба?

   - Баршылық. Әсіресе, “Тарих” мамандығы бойынша институтта магистратурада оқуға тілек білдірушілер қатарының, өткен жылдармен салыстырғанда, өсіп отырғаны қуантады. Ал, магистрант болашақ ұстаз ғана емес, ол – болашақ ғалым, болашақ тарихшы-зерттеуші.

   - Сіздің институттың ең күрделі саласы – оқу-әдістемелік басқармасына басшылық қызметке тағайындалғаныңызға көп болмапты. Бұл салада бұрын да тәжірибеңіз бар екен. Жұмыс қалай жүріп жатыр?

   - Расында да, күрделі сала. Оқыту, білім беру ісі әдістемесіз жүзеге аспайды. Институттың бұл бағытта, белгілі бір қалыптасқан жүйесі, деңгейі, тәжірибесі бар. Біз ұжым болып, сол істі одан әрі жетілдірудеміз.

   - Есіміңізді Бибігүл деп қоюына қарағанда әке-шешеңіз сізді әнші болар деп ырымдаған ғой. Ән-күйге қалай қарайсыз?

   - 16 желтоқсан – ұлтымыздың мақтанышы Бибігүл Төлегенованың да туған күні. Сондықтан, есімімді солай атаған екен. Әдемі ән, күй тыңдауды ұнатамын.

   - Жаңа жыл келіп қалды. Ғалымдардың отбасында жаңа жылды қарсы алу қандай болады№ Өміріңізде жаңа жылды отбасынан тыс қарсы алуға мәжбүр болған сәт болды ма?

   - Мүмкіндігінше, Жаңа жылды отбасымен қарсы алуды дәстүрге айналдырғанбыз. Тек, 1997 жылды, еркімізден тыс, жол үстінде қарсы алуға мәжбүр болдық.

Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы

Журнал тарихы

Тіркелу куәлігі

№ 14089-Ж

16.01.2014.

  ISSN: № 2312-475X

Жазылу индексі:4646

<< < Тамыз 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31